Мұражай

Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектепгимназиясындағы қазақ поэзиясының құлагеріне айналған ақынның мұражайы.

Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында бүгінде 2181 оқушы білім алады, 139 ұстаз оқытады. Ал мектептің бірінші қабатында орналасқан мұражай 2022 жылы 29 сәуірде салтанатты түрде ашылды. Айтулы іс-шараға қалалық Білім басқармасы өкілдері мен бір топ қоғам қайраткерлері қатысты. Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі, сәулетші Жандарбек Мәлібек тұғырлы тұлға туралы ой толғап, «Ілияс ағамыздың аманатына адал болыңдар» деп оқушыларға батасын берсе, Қарағандыдан әдейі келген ақынның ұрпағы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актрисасы Нұржібек Жансүгірова, ілиястанушы, филология ғылымдарының докторы Мұратбек Иманғазинов арнайы қатысып, оқушылар үшін танымдық орталықтың мән-мағынасын атап өткен еді.«Қазақ әдебиетінің төкпе жорғасы, алдына қара салмайтын тұлпары, биік бәйтерегі, жырдың алтын діңгегі, заңғар шыңы, қайталана бермейтін ғажайып құбылыс Ілияс Жансүгіровтің мектебіміздегі мұражайы екі жарым жыл бұрын ашылды. Сол уақыттан бері мұражай түрлі жәдігерлермен толығып жатыр. Сондай-ақ ­Ілияс ­Жансүгіров атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті де бар.Биыл мектебімізде І.Жансүгіров­тің туғанына 130 ­жылдық мерейтойына арналған ­­«Ілияс жаққан шамшырақ» атты рес­публикалық практикалық семинар өтті. Бұл семинарда Талдықорған қаласында орналасқан І.Жансүгіровтің мұражайынан алынған экспонаттар мен бірегей туындылар таныс­тырылды. Келушілерге «Құлагердей шабуылға құлын дайын…» атты қойылым, сонымен бірге ұлттық ойындар ойнатылып, «Ілияс жаққан шамшырақ» атты үш тілде REАD» жобасы, «Ілияс шығармаларындағы құндылықтарды оқыту әдістемесі», «Ілияс шығармаларындағы тарихи деректер мен ұлттық құндылықтар көрінісі» атты Workshop-тар өткізілді. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа ақын салған сара жолдың өнегелі тұстарын дарыту мақсатында «Ілияс салған сара жол» атты тақырыпта ашық алаң өтті. Мектеп педагогикасында мұражайдың алатын орны ерекше. Себебі кез келген оқушы мұнда рухани-танымдық әрі тарихи мәліметтерді бойына тез сіңіреді. Әрбір оқушымыз мұражаймен жақсы таныс. Мектеп үшін әр аптаның бейсенбісі – мұражай күні. Оқушылар осы күні тың ақпарат алып, ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы кеңірек біле алады. Мұражай алаңы – бірегей тәрбие құралы. Мұнда түрлі кездесулер ұйымдастырылып, сахналық қойылымдар қойылып, театр өнері де дәріптеледі. Бірнеше оқушымыз мұражайда гид қызметін атқарып, қазіргі таңда кәсіби мамандармен тепе-тең деңгейде таныстыра алатын болды» Мұражайдың ендігі бір ерекшелігі – цифрлы технологиялардың қарыштап дамуымен ақынның өмір жолы туралы бейнероликтің «Галограмма» арқылы көрсетілуінде. Ақынның арнайы тапсырыспен салынған дизайнерлік портреті, құжаттарының, Ташкент қаласында басылып шыққан «Қызыл жалау» атты кітабының, төлқұжатының көшірмелері мен қаламгердің 100 жылдығына орай шыққан маркасы, отбасының суреттері мұражайдағы жәдігерлер қатарын толықтырып, ерекше сипат беріп тұр. Қаламгердің отырған үстелі тарихтан терең сыр шертеді десек болады. Өйткені мұндағы жазу мәшинесінің көшірмесі арқылы ақынның Жазушылар одағында жұмыс істеген кезіндегі бірталай туындылар шығарғанын елестете аламыз. Мұражайдағы стендтерде QR-код арқылы келушілер Ілияс Жансүгіровтің поэ­зиясы және прозасын сөйлете алады. Ілиястанушы ғалымдар туралы да ақпаратты таба аласыз.Мұражайдағы ең құнды жә­дігер – ақынның ең алғаш шыққан өлеңдер жинағының түпнұсқасы. Мұны ақынның немере-қарындасы Нұржібек Жансүгірова арнайы тарту етті.Жас өрендер арасында ақын шығармашылығын насихаттау, олардың көркем әдебиетке құштарлығын арттыру мақсатында мектеп қабырғасында «Астана дарыны» дарындылықты дамыту және психологиялық сүйемелдеу орталығымен бірлескен Ілияс Жансүгіров оқуларының қалалық, аудандық кезеңдері жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Сол секілді «Оқуға құштар оқушы» жобасы аясында өткен оқу жылында оқушылар арасында Ілияс Жансүгіровтің шығармаларынан үзінді оқу байқауы өтті. Нәтижесінде бірқатар оқушылар жүлделі орындарға ие болып, бас жүлдеге велосипед берілді.Қазақ баласы түгел білетін – «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау», «аласа ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар», «белі бүкір, алысқа түкір» деген сияқты жүзге тарта жұмбақтарды алғаш жазып алған, редакциялаған, жеке кітап ретінде басып шығарған Ілияс Жансүгіров – балалар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.

Достарыңызбен бөлісіңіз
Астана қаласы әкімдігінің "Ілияс Жансүгіров атындағы № 58 мектеп-гимназия" ШЖҚ МКК